Аралас жекпе-жектің (MMA) канадалық шолушысы Омер Осман қазақстандық спортшы Асу Алмабаевтың UFC-дегі мүмкіндіктері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Оның айтуынша, болашақта Алмабаев ең жеңіл салмақта UFC чемпионы бола алады.
"Осы маңызды жеңіспен Асуды құттықтаймын. Құдай қаласа, ол - ең жеңіл салмақтың болашақ чемпионы. Қазақстанның чемпионы", - деп жазды Осман X әлеуметтік желісінде.
22 қараша күні Дохада (Катар) өткен UFC Fight Night 265 турнирінде Асу Алмабаев (23–3 MMA, 6–1 UFC) америкалық Алекс Перезді (25–10 MMA, 7–6 UFC) үшінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді.
Бұл жеңіс қазақстандық спортшыға ең жеңіл дивизионның сегізінші сатысына көтерілуге мүмкіндік берді. Бұл санатта UFC чемпиондық белдігін бразилиялық Алешандри Пантожа (30–5 MMA, 14–3 UFC) иеленіп отыр.
Жарнама