MMA
28 шілде 09:42

Шавкат Рахмоновтың жары мен ұлы жол апатына түсті: екі адам мерт болды

©t.me/halyqstan/11519

Жамбыл облысында болған жол апатынан екі адам көз жұмды. Тағы екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Vesti.kz Tengri Sport дерегіне сүйене отырып.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, жарақат алғандар – UFC-де өнер көрсететін Шавкат Рахмоновтың жары мен ұлы болуы мүмкін. Аймақтық полиция өкілдері зардап шеккендердің жеке басын нақтыламағанымен, оқиғаның мән-жайын баяндады.

"2025 жылғы 27 шілдеде сағат 08:50-де республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург күре жолының 299-шақырымында Қарағанды облысынан Алматы қаласына бағыт алған Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол апатына ұшырап, көлік аударылған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі адам қаза тауып, екі адам ауруханаға жеткізілді", – делінген Жамбыл облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.

Аталған оқиға бойынша құқық қорғау органдары "Көлік құралын жүргізу немесе пайдалану ережесін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Полиция марқұмдар мен жарақат алғандардың есімдерін ресми түрде жарияламағанымен, Tengrinews.kz дереккөзіне сүйенсек, көлік ішінде расында UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жары болған.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі бірқатар пабликтерде спортшының отбасына қатысты жол апатының егжей-тегжейі жарияланды.

"Апат Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында болған. Гүлайым Рахмонова ұлымен және құрбыларымен Қарағандыдан Алматыға бет алған. Алматы – Екатеринбург тасжолының 296-шақырымында Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі аударылып кеткен – жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Оқиға орнында 39 жастағы әйел көз жұмды, тағы бір 35 жастағы әйел ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Рахмонова мен оның ұлы Шу қаласына жеткізілді, жағдайлары – орташа ауыр", – делінген жазбада.


Шавкат Рахмонов кім?

Әлемдегі ең мықты ұйым UFC-де өнер көрсететін танымал қазақстандық аралас жекпе-жек шебері. Қазіргі уақытта жартылай орта салмақта UFC рейтингінде үшінші орында тұр. Ол соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы 7 желтоқсанда өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын.

Өткен демалыс күндері Рахмонов Абу-Дабиде (БАӘ) өткен UFC турнирінде өзінің жерлесі Асу Алмабаевтың бұрышында болды. Алмабаев перулік Хосе Очоаны жеңді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport