Жамбыл облыстық полиция департаменті UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жұбайы түскен жол апатының орнынан видео жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жол-көлік оқиғасы 2025 жылдың 27 шілдесінде сағат 08:50-де "Алматы - Екатеринбург" күрежолының 299-шақырымында болды.
"Қарағанды облысы жағынан Алматы бағытына қарай келе жатқан Toyota Land Cruiser 200 маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі адам оқиға орнында қаза тапты, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
"Осы факті бойынша "Көлік құралдарын басқарған адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан" деген баппен сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп қосты полиция департаменті.