UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінің үшінші нөмірлі файтері Шавкат Рахмоновты (19-0) дивизион үздіктерінің бірі жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Рейтингте екінші тұрған амеркиалық Шон Брэди (18-1) жеңіліп көрмеген қазақстандықпен айқас өткізгісі келетінін білдірді. Ол кездесуді қараша айында Нью-Йорктегі "Мэдисон-сквер-гарден" аренасына белгіленген UFC 322 турнирінде өткізуді ұсынды.
"Кішкентай құс маған келіп Шавкаттың қараша немесе желтоқсанда октагонға оралуы мүмкін екенін сыбырлап кетті. Мен мүмкіндігінше тез жекпе-жек өткізгім келеді, бірақ қажет болса, Джек пен Исламмен бірге сол кардта Шавкатпен кездесуге дайынмын", - деді Брэди Essentially Sports басылымына.
UFC 322 турнирі жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ. Алдын ала мәлімет бойынша, турнирдің басты кездесуінде жартылай орта салмақтағы қазіргі чемпион Джек Делла Мадалена (18-2) мен жеңіл салмақтан көтерілген Ислам Махачев (27-1) арасында титулдық жекпе-жек өтеді.
Алайда Шон Брэдидің бұл ұсынысы оңай сәтте айтылып отырған жоқ. Осыдан бірнеше күн бұрын Шавкат Рахмоновтың отбасы Алматы - Екатеринбург тас жолында ауыр жол апатына ұшырағаны белгілі болды.
Бұл туралы естіген соң, Шон Брэди шынайы көңіл айтып, былай деді:
"Бұл (шақыру) жексенбі күні таңертең жазылып қойған, біз ол кезде ештеңе білмедік. Барлық зардап шеккендердің отбасылары үшін дұға етемін", – деді ол.
Шавкат америкалық қарсыластың ұсынысына әлі жауап берген жоқ. Дегенмен, жеңіліп көрмеген Рахмонов пен қарқындылық көрсетіп жүрген Шон Брэди арасындағы ықтимал кездесу – UFC 322 турниріндегі титулдық айқастан кейінгі жартылай орта салмақтағы басты оқиғаға айналуы мүмкін.
Жарнама