UFC президенті Дана Уайт 16 желтоқсанға жоспарланған UFC 296 турнирінде өтетін екі бірдей титулды жекпе-жек туралы ресми құлақтандырды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Лас-Вегастағы T-Mobile Аренада өтетін ивенттің басты оқиғасы жартылай орта салмақта UFC чемпионы, британиялық Леон Эдвардс (21-3) пен америкалық Колби Ковингтон (17-3) арасындағы жекпе-жек болмақ.
Тағы бір айтулы айқас ең жеңіл салмақтағы бразилиялық чемпион Алешандре Пантожа (26-5) мен америкалық Брэндон Ройвэл (15-6) арасында болады. Пантожа мен Ройвэл 2021 жылы бір рет жекпе-жекке шыққан, ол кезде бразилиялық спортшы сабмишенмен жеңген болатын.
Ковингтон титул үшін екі рет Камару Усманмен жұдырықтасқан, алайда екі рет те жеңіліп қалған еді.