Единоборства
19 маусым 2021 16:04

"Шавкат Алланың қазақ еліне берген сыйы ғой". Арман Әшімов UFC-де өнер көрсететін Рахмонов жайлы

Сурет: UFC©

Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (13-0) алдағы айқаста 39 жастағы бразилиялық Мишель Празересті (26-3) ақын басымдықпен жеңеді. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ММА шебері Арман Әшімов осындай пікір білдірді.

- Арман, Шавкат Рахмоновтың қарсыласы Мишель Празерес туралы не айтасыз?

- Арманның қарсыласына тоқталатын болсам, кәсіпқой спорт үшін оның жасы өтіп бара жатыр. Алайда Шавкатқа бразилиялық спортшының жасы үлкен екен деп жекпе-жек кезінде еркінсуге болмайды. Ең бастысы Шавкат партерде де, тұрып айқасуды да жақсы меңгерген. Сондықтан әдеттегідей жоғары деңгейін көрсете алса жеңіске жетеді деп ойлаймын. Шавкат Алланың қазақ еліне берген сыйы ғой. Қазақ елінің көк туын желбіретіп жүрген батыр жігіт. Сондықтан алдағы айқасында айқын басымдықпен ұтады деп ойлаймын.

- Өзіңіз кәсіпқой спортшы ретінде, Шавкаттың жақын досы ретінде қандай тәжірибеңізбен бөлісесіз?

- Әрине, жақын араласқан соң білгенімізбен бөлісеміз. Дегенмен оның жанында бізден де мықты білікті Баян Жанғалов деген бапкері бар. Сол кісі тактиканы, жоспарды жақсылап тұрып қойып береді. Жалпы алғанда Шавкатта ММА шеберіне қажетті дүниенің бәрі бар. Оның бойы ұзын. Аяқпен де қолмен де керемет жұмыс істейді. Сол артықшылығын пайдалану керек.

Еске салсақ, жекпе-жек кеші 26 маусымда Лас-Вегаста өтеді деп жоспарлануда. Шавкат Рахмонов үшін бұл UFC-дегі екінші кездесуі болмақ.