Жартылай орта салмақтағы қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (19-0) 27 маусымда Әзербайжанның Баку қаласында өтетін UFC турниріне қатысады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алайда бұл жолы ол өз отандасы Асу Алмабаевтың (23-3) секунданты ретінде барады. Бұл туралы қазақстандық файтерлердің бапкері Эдуард Базров мәлімдеді.
"Дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр. 4 маусымда келдік. Барлығы келді, Әліби Ыдырыс, Санжар Әділов осында. Шавкатқа келсек, секунддант болады. Шавкат мұнда жүз пайыз келеді", - деді Базров.
Сондай-ақ, бапкер Асу Алмабаевтың дайындығы туралы айтып, болашақ қарсыласының мықты тұстарына тоқталды. Оның сөзінше, дайындық барысында Алмабаевтың қарсыласының UFC-де өнер көрсеткен өзге қазақстандық файтерлер Жалғас Жұмағұлов пен Азат Мақсұмға қарсы өткізген жекпе-жектерінің бейнежазбалары мұқият зерттелген.
"Біз қарсыласымыздың өте төзімді екенін білеміз. Соққысы жаман емес, ерекшелігі бар файтер. Өз стилін таңуы мүмкін. Біз мұны Жалғас Жұмағұлов пен Азат Мақсұмға қарсы жекпе-жектерінен көрдік. Оның басты артықшылығы - тынысы жақсы және футворкі жоғары деңгейде. Аяқпен өте жақсы жұмыс істейді.
Біз өзіміздің мықты қырларымызды дамытудамыз. Қазір оқу-жаттығу жиынының қорытынды кезеңіне келдік. Негізгі жұмысты орындап қойдық. Қазір жекпе-жекке бейімдеу кезеңі жүріп жатыр. Көбірек спаррингтерге мән берудеміз. Тағы 10 күннен кейін салмақ қууға кірісеміз. Ең бастысы - салмақты дұрыс түсіріп, жекпе-жекке жарақатсыз жету", - деді бапкер Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Еске салайық, Алмабаевтың қарсыласы америкалық Чарльз Джонсон (19-8) болады.
35 жастағы Джонсон қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол UFC октагонында бұған дейін екі рет Қазақстан өкілдеріне қарсы шыққан. 2022 жылы Жалғас Жұмағұловты төрешілердің бөлек шешімімен жеңсе, 2024 жылы Азат Мақсымнан басым түсті.
Бакудегі турнирде тағы бір қазақстандық файтер - Бекзат Алмахан (12-3) өнер көрсетеді. Оның қарсыласы бразилиялық Жан Мацумото (17-2) болады.
Айта кетейік, Шавкат Рахмоновтың өзі қазіргі уақытта жарақатынан сауығу процесін жалғастырып жатыр.