"Шаңыраққа қарамағаны намысқа тиді". "Бопай" өзбек қарсыласын қалай жеңгені жайлы

Сурет: Vesti.kz©

Зәмзәгүл "Бопай" Файзолланова (6-1) Alash Pride Grand Prix 67 турнирінде жеңіске жетті, деп жазады Vesti.kz тілшісі.

29 жастағы Зәмзәгүл сегіз бұрышта Өзбекстанның Әндіжан қаласынан келген Хожинисо Комолдиновамен кездесті. Бірінші және екінші раундтарда басымдық өзбек қызында болған. Алайда екінші раундтың соңына қарай "Бопай" белсендірек қимылдады. Ал үшінші айналымда отандасымыз айқын басымдықпен жеңіске жетті. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан Зәмзәгүл Файзоллановаға берді.

- Зәмзәгүл, жеңісіңіз құтты болсын. Октагонға көптен бері шықпай оралып отырсыз. Жекпе-жек қаншалықты қиын болды?   

- Жекпе-жек өте тартысты өтті деп санаймын. Жаттығуда жасаған әдістерімді көрсете алдым. Кездесу алдында бапкерім "Зәмзәгүл екі бала туған соң бұл айқас оңай болмайды. Сондықтан әр раундта бар күш-жігеріңді сал" деген ақылын айтты. Осы орайда бұл тартысқа ұзақ дайындалдым.

- Салмақ өлшеу рәсімінде екеуіңіздің араларыңызда кішігірім кикілжің болған еді. Бүгінгі айқасқа қаншалықты әсер етті?

- Көз арбасу сәтінде расымен кішігірім шоу болды. Екі баласы бар анаға шаңыраққа қарамай көкірегімнен итергені намысыма тиіп кетті. Қарсыласым жас қой. Эмоцияға беріліп кеткен сияқты. Кім мықты екенін сегіз бұрыш шешті.

- Жекпе-жектен кейін қарсыласыңыз жеңілгенін мойындағысы келмейтінін байқадық...

- Мысалы дәрігер пациентке диагноз қойса, адам оны қабылдағысы келмейді. Сенгісі келмейді. Сол секілді қарсыласымның сенімі мықты болып шықты. Кезінде Конор МакГрегор да алғашқы айқасында ұтылып, кейін атақты болып кетті емес пе? Сол секілді ол да жеңілгенін мойындағысы келмеді. Не болса да өзбек қызына сәттілік тілеймін.

- Алда қандай жоспарыңыз бар?

- Бұйырса PFL-да бір келісімшартым бар. Амандық болса қыркүйек немесе қазан айында АҚШ-та жекпе-жек өткізетін боламын. Сол турнирде ел намысын абыроймен қорғауға тырысамын.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Показать комментарии