Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері және ММА сарашысы Айдар Махметов Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық файтер Дияр Нұрғожайдың (10-1) алдағы UFC жекпе-жегі туралы пікір білдірді.
Айта кетейік, қазақстандық спортшы 23 тамыз күні Қытайдың Шанхай қаласында өтетін турнирде Қырғызстан файтері Уран Сатыбалдиевпен (8-1) октагонға шығады.
"Деңгейі бірдей екі спортшы. Уранның бойшаңдау, қолы да ұзын және қадалып алатын файтер. Ол күресе де алады, сонымен бірге, техникалық нокаутпен де жиі жеңіске жеткен. Осы жағынан алғанда ол Диярға ұқсайды", – дейді Махметов.
Сарапшының айтуынша, екі спортшының да бір-бір жеңілісі бар және екеуінде де жеңіліс UFC-дегі алғашқы жекпе-жектерінде болған:
"Дияр өзінің салмағында жеңілді, орта деңгейлі Брендсон Рибейроға жол берді. Ал Уран өз салмағында емес, жекпе-жек тым аз қалған кезде шақыру алып, Мартин Будайға қарсы шықты. Алайда бұл жеңіс Будайға еш пайда әкелмеді – жақында ол UFC-ден шығарылды. Бұл UFC-дің басты ұстанымын тағы бір дәлелдейді: файтер көрерменге қызық болуы керек", – деп атап өтті сарапшы.
Айдар Махметов Диярдың соққы стилін жоғары бағалады:
"Бұл тұрғыда Дияр Уранға қарағанда әсерлі көрінеді. Себебі ол серпінді, атылып ұрады, қарсыласын сұлата алатын соққысы бар. Ал Уран қарсыласын асықпай жүріп алатын спортшы. Екеуі де партерде күресе алады, мүмкін, Уран бұл жағынан тәжірибелі шығар. Бірақ партерге жету үшін алдымен тік тұрған күйде біраз уақыт өткізу керек. Ал жекпе-жек дәл сол тұстан басталады", – деп қорытындылады ММА сарапшысы.
Нұрғожаев пен Сатыбалдиев арасындағы бұл жекпе-жек Шанхайдағы UFC турнирінің басты тартыстарының бірі болмақ.
Жарнама