Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың (19-0) UFC ұйымындағы келесі жекпе-жегі қашан өтетіні және оның ықтимал қарсыласы кім болатыны айтылды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл туралы Рахмоновтың клубтасы Фаниль Рафиков мәлімдеді. Оның айтуынша, "Номад" сегізбұрышқа тек 2026 жылдың басында оралады.
"Менің білуімше, Шавкат келесі жылдың басына жекпе-жек сұрады, өйткені қарашада Пратес – Эдвардс жекпе-жегі жарияланып қойған. Брэйди қарсылас іздеуде. Мүмкін чемпион ауысатын шығар, мүмкін сол күйі қалар. Сондықтан дәл қазір бұл ең қызықты дивизиондардың бірі. Бұл оқиғаны бақылау өте қызық.
Жанкүйер ретінде Шавкатты тезірек көргіміз келеді. Менің ойымша, келесі қарсыласы – Белал Мухаммад болады", – деді Рафиков.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов кейінгі рет 2024 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын.
Алғашында Рахмоновтың қарсыласы Белал Мухаммад болуы тиіс еді. Ол кезде Мухаммад UFC ұйымының жартылай орта салмақтағы чемпионы болған. Алайда америкалық файтер жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартқан.
Кейін бұл жекпе-жек 2025 жылдың мамырына шегерілді, бірақ, бұл жолы Шавкат жарақат алып, айқасқа шыға алмады. Оның орнына октагонға шыққан аустралиялық Джек Делла Маддалена (18–2) Белал Мухаммадты жеңіп, чемпиондық белбеуді иеленді.
Жарнама