MMA
Кеше 15:02

Рахмоновтың UFC рейтингінен шығарылуының шын себебі айтылды

©Тұрар Қазанғапов/Vesti.kz

UFC-де өнер көрсететін ресейлік файтер Андрей Пуляев қазақстандық жартылай орта салмақтағы Шавкат Рахмоновтың жарақаты мен оның UFC рейтингінен шығарылуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Пуляевтің айтуынша, ауыр жарақатқа қарамастан, Рахмонов бұрынғы деңгейіне қайта орала алады.

"Осындай күрделі жарақаттан кейін де Шавкат өзінің бұрынғы деңгейіне жетеді деп ойлаймын. Рахмоновтың әлеуеті өте жоғары. Сондықтан жарақаттан кейінгі алғашқы жекпе-жек оған оңай болмайды. Бірақ келесі айқастарда ол әдеттегі деңгейінде жұдырықтасады. Неге Шавкатты рейтингтен алып тастады? Өйткені ол хайп жасамайды, шу көтермейді, барлығын жекпе-жек арқылы дәлелдейді. Мысалы, Колби Ковингтон - мүлде басқа, оған қарама-қарсы типтегі файтер. Менің ойымша, Рахмонов оралғаннан кейін белбеу үшін қайтадан күресе алады", - деді Пуляев MMA.Metaratings.ru сайтына берген сұхбатында.

Шавкат Рахмонов UFC-дегі соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың 7 желтоқсанында өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын. Сол кездесуде қазақстандық файтер жарақат алып, соның салдарынан 2025 жылды толығымен құр өткізіп алды.

Ол октагонға 2026 жылдың басында оралады деп жоспарланған еді. Алайда қаңтар айында тізесінен тағы бір жарақат алғаны белгілі болып, операция жасалды. Дереккөздердің мәліметінше, Рахмоновтың толық қалпына келуіне 9–10 ай уақыт қажет.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport