Өзбекстан намысын қорғай ма? Шавкат Рахмонов UFC-дегі қазақстандық спортшылар арасында жоқ

6 қараша 2020 15:42
Шавкат Рахмонов. Сурет: FightTime©

Жартылай орта салмақта жұдырықтасатын Шавкат Рахмонов (13-0) екі апта бұрын UFC промоушенінде алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Бразилиялық Алекс Оливейраға (22-9-1-1) қарсы кездесуге Шавкат Қазақстан туын ұстап, басына түлкі тымақ киіп, ұлттық музыканың сүйемелдеуімен шыққан. Айқастан кейін де сұхбатты қазақша берген еді. Дегенмен, мұның бәрі UFC-дегілерге Рахмонов қазақ елінің намысын қорғап жүргенін түсіну үшін аз болған сияқты. Vesti.kz тілшісі жағдайды жан-жақты қарастыруға тырысты.

Иә, Шавкат Өзбекстанда дүниеге келген, алайда, көптен бері Қазақстанда тұрып келеді. Ұлтының қазақ екенін өзі анық айтқан болатын. UFC-дің дәстүрлі ақпараттық шолуында да Шавкаттың жанында Қазақстан туы тұрды. Туған жері Ташкент деп көрсетілгенімен, тұрып жатқан орны - Көкшетау.  
 
 
Алайда UFC-дің ресми сайтында сіз Рахмоновты бәрібір қазақстандық файтерлер тізімінен таппайсыз (Сергей Морозов әлі шыққан жоқ, сондықтан, ол да жоқ).
 
 
Бірақ бір қызығы оны Өзбекстан спортшыларының тізімінде жүргенін көруге болады.
 
 
Ұйым сайттары спортшыларды дүниеге келген еліне автоматты түрде тіркей салады деген ой болуы мүмкін. Алайда Қырғызстан атынан өнер көрсететін Рафаэль Физиевті мысалға алсақ, олай болмай шығады. Физиев Қордайда туғанымен, Қырғызстан атынан шығады, сондықтан, ол қырғызстандық спортшы ретінде дұрыс белгіленген екен. 
 
Ендеше бұл әлемдегі ең мықты промоушен сайты үшін жауапты адамдардың салғырттығы екені түсінікті. Сонымен қоса, UFC-де файтер қай ел атынан шығатынын әр жекпе-жек сайын өзгерте алады. Бұл туралы Рахмоновтың менеджері Саят Әбдірахманов та айтқан еді. 
 
Мысал ретінде екі чемпионды алуға болады. Олардың бірі - орта салмақта ең мықты Исраэль Адесанья, Нигерияда дүниеге келген. Бірақ Жаңа Зеландияда жаттығып, сонда тұрып жатыр. 
 
 
 
Екіншісі - ең жеңіл салмақтағы үздік файтер Валентина Шевченко, Қырғызстан туымен шығады, алайда, оны сегіз жыл тұрған Перу байрағымен шыққанын да байқауға болады.