"Оңай болмайды". Хабибке тиесілі Eagle FC президенті қазақ файтердің чемпиондық айқасы жайлы

20 қазан 2022 11:03
©Eagle FC

Аралас жекпе-жектен Eagle FC лигасының президенті Шамиль Завуров Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Ислам Махачев пен Усман Нурмагомедовтың дайындығы жайлы және Жасұлан Әкімжанның Naiza-дағы жекпе-жегі туралы айтып берді.

– Шамиль, Ислам Махачевтың Чарльз Оливейраға қарсы жекпе-жегіне дайындығы қалай өтті? 

- Дайындық жақсы өтті. Жарақат болмады. Ислам үш жаттығу жиынын өткізді: тауда, Кисловодскта және соңғысы Дубайда. Өте маңызды әрі ауыр салмақ қуу аптасы артта қалды. Бәрі бір қалыпта өтеді деген сенімдемін. Бұл жекпе-жек Махачев үшін ғана емес, бүкіл командамыз үшін, Абдулманап Нурмагомедовтің мұрасы үшін өте маңызды. Белбеуді Дағыстанға қайтару үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз.

- Командаңыздың тағы бір өкілі Усман Нурмагомедов Bellator лигасында титульдық жекпе-жекке дайындалып жатыр. Екі бірдей спортшыны ірі айқасқа дайындау қаншалықты қиын?

- Усман – болашағы бар спортшы. Белбеуді аламыз деген сезім бар. Қазір назарымыз Исламның жекпе-жегінде. Усман жақсы дайындалды, Махачевпен бірге барлық жиынды өтті. Оның жекпе-жегі сәтті аяқталатынына уайым жоқ, оңай жеңіске жету керек. Ал Исламды ауыр жекпе-жек, қауіпті қарсылас күтіп тұр.

- Лигаңыздың жауынгері, титулға үміткер Жасұлан Әкімжан келесі айқасын Naiza ұйымында өткізеді. Бұған қалай қарайсыз?

- Жасұлан - бұрыннан лигамыздың белбеуіне үміткер және солай болып қала береді. Жарақатына байланысты чемпиондық жекпе-жекке шыға алмады. Ал Расул Магомедов уақытша титулды алып, артынша толыққанды чемпион атанды. Десе де Расулмен жекпе-жекте Бусурманкул Абдибаит салмақты толықты қумай, айқасты сары қағазбен бастады. Сондықтан қарымта жекпе-жекті көріп қалуымыз ғажап емес. Дегенмен Әкімжан белбеуге нөмірі бірінші үміткер.

Naiza-ға келер болсам, олар біздің бауырымыз. Бірге үлкен турнир өткіздік. Алдағы уақытта тағы да өткізсек деген жоспар бар. Болашақта Naiza мен Eagle FC чемпиондарының айқасын көргім келеді. Мұндай турнирді өткізе аламыз деп сенемін.

Қазақстандық лигада жекпе-жек өткізуіне ешқандай қарсылығымыз жоқ. Ол бабын жоғалтпай, ұзақ уақыт бос қалмау үшін дұрыс шешім қабылдады. Жасұлан Eagle FC лигасының чемпионы бола алады. Бұл тек уақыт мәселесі. Дегенмен босаңсудың қажеті жоқ. Өйткені бұл салмақтағы чемпион - Расул Магомедов соңына дейін күресетін жауынгер. Сондықтан жекпе-жек оңай болмайды.

 

 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки: