Былтыр желтоқсанда ММА әлемінде тағы бір шу шыққан. Мәскеуде қазақстандық файтер Мұратбек Қасымбай ирандық Мохаммед Хейбатимен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалған болатын. Бұл шешіммен Мұратбек те, жанкүйерлер де келіспеген еді. Енді файтерлер бір-біріне қарсы түрлі мәлімдеме жасап, реваншты күтіп жүр. Tengrinews.kz тілшісі Мұратбек Қасымбаймен сөйлесіп, оның өмірі мен спорттағы жолы туралы әңгімелесті.
Мұратбек Қасымбай 1995 жылы 11 тамызда Алматы облысы, Қапшағай қаласында дүниеге келген. Болашақ файтер бала кезінен төбелеске құмар болғанын айтады.
"Отбасымда 5 адам бар: әкем, анам, ағам және інім. Інімнің есімі Тайыр, ол жүзу секциясына қатысады, ініме жекпе-жек спорт түріне қатысуға рұқсат бермеймін, себебі біз осындай спортта бүкіл денсаулығымызды қалдырамыз. Анамнын есімі Гүлжан, анамды өте қатты жақсы көремін, тәрбиелеп өсіргеніне алғысым шексіз. Балалық шағымда және мектеп кезінде өте бұзық болдым, анамнан біраз таяқ жеген кездерім болды. Анам жас кезінде қатал болды, мамандығы - қазақ тілі мұғалімі. Әкемнің есімі Оралбек, ол көлік жүргізушісі, бала кезімнен әкем мені қатты еркелетті. Інім екеуіміздің арамыз 11 жас, сол себептен еркелеп өстім, қазір жасым 25-те болса да, әлі күнге дейін еркелеймін. Ағамның есімі Нұрлан, мамандығы - заңгер. Ата-анам денсаулықтарына байланысты жұмыс істемейді, отбасымызды ағам екеуіміз асырап отырмыз", - дейді Мұратбек.
Ол бала кезінде спортшы боламын деп ойламаған. 18 жасына дейін нақты қай саланы таңдарын білмей, өмірі спортқа алып келген.
"Спортқа кеш келдім, 18 жасымда. Бала кезімде көп төбелескенмін, сондықтан болар. Бірақ кәсіпқой спортшы боламын деп ойламадым, бірде бейнеойын приставкасында UFC ойнап отырып, мен де осындай аренада төбелесе аламын деген ой келді. Сөйтіп, 2013 жылға дейін ешбір спорт түріне қатыспастан бірден ММА-ға келдім", - дейді ол.
Спортқа кеш келсе де, Мұратбек ММА-де бірден жеңіске жетті. Кәсіпқой спортшы ретінде алғашқы жекпе-жегін 2016 жылы өткізіп, ресейлік Фарахдин Шамшидиновті сабмишн әдісімен жеңген. Негізі, қазақстандық файтер сабмишн шебері саналады. Алғашқы төрт қарсыласын да осы әдіспен жеңген.
Ал 2017 жылы ресейлік Биберт Туменовпен кездесіп, карьерасында алғаш рет жеңіліп қалды. Бірақ оған мойымаған ол кейінгі екі жекпе-жегінде қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.
2018 жылы Мұратбек Қасымбай карьерасын 23 жасында-ақ аяқтауы мүмкін еді. Сол жылы жол апатына түсіп, ауыр жарақат алған. Спорттан бір жылға қол үзіп қалды.
"Жарақат алған кезімде менің спортқа оралуыма сенбеген адамдардың біразы менен алшақтай түсті, сол кезде спортты тастаймын деген ой келді, бірақ мені Азат ағам спортқа қайта жігерлендірді", - дейді ол.
Осылайша, бір жылын емделумен өткізген ол 2019 жылы 1 қыркүйекте октогонға оралып, украиналық Хайрулло Усмановты техникалық нокаутпен жеңген.
Ал 2020 жыл Мұратбек үшін ең сәтсіз болды. Былтыр үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де қарсыласына жол берген.
"Осы үш жекпе-жекке қысқа мерзімді ұсыныстармен шықтым. 10 күндік дайындықпен жекпе-жекке шығуыма тура келді. Сондықтан, толыққанды дайындықпен шыға алмадым", - дейді Мұратбек.
Қазақстандық файтердің кейінгі жекпе-жегі біраз шу болды. Мәскеуде ирандық Мохаммед Хейбатимен жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Бірақ жанкүйерлер де, сарапшылар да қазақстандық файтер жеңгеніне сенімді. Мұратбек те осындай ойда екен.
"Ол сайқымазақтың жеңісі ұйымдастырушыларға қажет болды. Әйтпесе, Хейбатидің өзі басында менің жеңісімді мойындаған. Төрешілер шешімін білмей тұрып ол мені жеңісіммен құттықтаған болатын. Енді Иранға кеткен соң желіде түрлі мәлімдеме жасап, маған тіл тигізіп жүр. Сондықтан, бұл жекпе-жектің нүктесі қойылмады, маған реванш қажет. Ұйымдастырушылар "реванш өткіземіз" деп уәде берді", - дейді Мұратбек.
Мұратбек Қасымбай - Мохаммед Хейбати жекпе-жегі
Енді спортшы реваншты күтіп жүр. Ал әзірше отбасымен көбірек уақыт өткізуді жөн санайды.
"Спорттан тыс уақытымды отбасыммен өткіземін. Ағаларыммен бірге қарда жүргіш көлікке отырып, серуендегенді ұнатамын. Одан бөлек, атқа мінген де ұнайды. Күнделікті жаттығуым да бар, оның үстіне қазір ағылшын тілін меңгеріп жатырмын. Кей адам секілді бос уақытымда кітап оқимын деп айта алмаймын. Тек қызыққан кітаптарымды аудио арқылы тыңдаймын", - дейді Мұратбек.
Мұратбек спортшылар арасында Конор Макгрегордан үлгі алады. Екеуінің өмір жолында ұқсас тұстар да бар екен.
"Мені жігерлендіретін спортшы - Конор Макгрегор. Өйткені ол да спортқа кеш келіп, үлкен жетістіктерге жеткен, спортқа келмей тұрып қалтасында көк тиыны болмаған. Ал қазір көптеген рекорд орнатқан және екі салмақта чемпион атанып, ММА-да ең үлкен сомада қаражат алған спортшы. Ондай қаражатты ММА-да ешкім тапқан емес", - дейді файтер.
Сондықтан, қазақстандық спортшы да Макгрегордың ізімен UFC-ге баруды мақсат етіп отыр.
"Алдағы мақсатым - UFC төрінде қазақ туын желбірету", - деп Мұратбек қысқа қайырды.
Суреттер спортшының жеке мұрағатына