UFC-дің жартылай орта салмақтағы қазақстандық файтері Николай Веретенников (14-7) америкалық промоушендегі нокаутпен жеткен алғашқы жеңісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Еске салайық, 8 ақпан Лас-Вегаста (Невада штаты, АҚШ) өткен UFC Fight Night 266 турнирінде 35 жастағы қазақстандық америкалық Нико Прайсты (16-10) бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңді.
"Мен октагонға жалғыз шықпаймын. Артымда менің командам, отбасым және жанкүйерлерім тұр. Әрбір спарринг, әрбір жаттығу, әрбір қиын сәт - мұның бәрінен біз бірге өттік. Осы жеңіс үшін, сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл жеңіс - ортақ жеңісіміз және бұл тек бастамасы ғана", - деп жазды Веретенников әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мерзімінен бұрын жеңіске жеткені үшін қазақстандық файтер жаңа бонус жүйесі бойынша 25 мың АҚШ доллары көлемінде (12 миллион теңгеден астам) сыйақы алды.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек Николай Веретенников үшін UFC-мен жаңа келісімшартқа қол қойғаннан кейінгі алғашқы кездесу болды. Қаңтар айында қазақстандық спортшы төрт жекпе-жекке арналған келісімге қол қойды. Бұған дейін, 2025 жылдың күзінде, ол соңғы төрт кездесудің үшеуінде жеңіліп, ұйымнан кетуге жақын болған еді.