Қазақстандық ММА файтері Саламат Исбулаев (10-0) әлемдік жартылай жеңіл салмақ элитасына жарып кірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
PFL лигасындағы дебюттік жекпе-жегінде мерзімінен бұрын жеңіске жеткеннен кейін, Исбулаев беделді аналитикалық Fight Matrix порталының нұсқасы бойынша жартылай жеңіл салмақ рейтингінде 18-орынға көтерілді.
Жеңіліс көрмеген қазақстандық файтер жаһандық ММА рейтингіне алғаш рет еніп, бірден 18-орыннан көрінді. Оның соңғы қарсыласы перулік Хесус Пинедо (25–7–1) бірнеше сатыға төмендеп, 23-орынға түсті.
Жаңартылған тізімде Исбулаев бірқатар атақты спортшыларды, соның ішінде UFC өкілдері Дэн Иге мен Пэт Сабатиниді артта қалдырды. Ал жартылай жеңіл салмақтағы рейтинг көшбасшысы болып UFC-дің екі дүркін әрі қазіргі чемпионы Александр Волкановский қалып отыр.
Еске салайық, 7 ақпанда Дубайда өткен PFL турнирінде Саламат Исбулаев лиганың бұрынғы чемпионы Пинедоны бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Бұл жекпе-жек қазақстандық спортшы үшін Professional Fighters League ұйымындағы дебют болды және әлемдік рейтингте бірден шарықтатты.
2024 жылы Саламат Исбулаевтың есімі халықаралық ММА аренасында кеңінен танылды. Ол кезде Саламат бұрын жеңіліп көрмеген ресейлік Муслим Нурмагомедовты нокаутқа түсірді. Бұл жеңіс оның карьерасындағы шешуші кезеңге айналып, Alash Pride FC лигасының чемпиондық белбеуін алып келді және Исбулаевты аймақтағы болашағы зор файтер етті.
Жарнама