Нурмагомедов карьерасындағы соңғы кездесуін Сен-Пьерға қарсы өткізуі мүмкін - UFC президенті

28 шілде 2020 12:32
Сурет: twitter @bjpenndotcom
UFC ұйымының жеңіл салмақтағы чемпионы ресейлік Хабиб Нурмагомедов карьерасындағы соңғы кездесуін канадалық Жорж Сен-Пьерге қарсы өткізуі мүмкін. Бұл туралы ұйымның президенті Дэйна Уайт айтты, деп хабарлайды РИА Новости

Ресейлік спортшының келесі қарсыласы Джастин Гэтжи болуы мүмкін. Ол 9 мамыр күні Джексонвиллде (АҚШ) өткен жекпе-жекте Тони Фергюсонды жеңіп, жеңіл салмақта UFC-дің уақытша чемпиондық белбеуін ұтып алды. 

Нурмагомедов пен Гэтжи арасындағы айқас Абу-Дабиде өту керек. Әу баста бұл кездесу қыркүйек айында өтуі тиіс болатын. Бірақ Уайт Нурмагомедовтің әкесі Абдулманап Нурмагомедовтің қайтыс болуына байланысты мазаламайтынын айтып, өз-өзіне келіп алу үшін уақыт беретінін хабарлады. 

"Конор реваншты қалап отыр. Бұл кездесуді ұйымдастыруға бола ма, болмай ма білмеймін. Әрине, Сен-Пьермен кездесу ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Бұл Хабибтің карьерасындағы соңғы кездесуі болуы ықтимал. Ол өзін UFC-де жақсы қырынан көрсетті. Сондықтан мен Хабибтің қалаған кездесуін ұйымдастыруға дайынмын", - деп келтіреді Уайттың сөзін ESPN. 

Айта кетейік, бұған дейін Нурмагомедовтің өзі Сен-Пьермен кездескісі келетінін мәлімдеген болатын. Бірақ 39 жастағы канадалық спортшы өткен жылы карьерасын аяқтап кетті. Дегенмен ол Хабибпен кездесу үшін спортқа қайта оралатынын бірнеше рет айтты.