Аралас жекпе-жек шебері Кристиан Лубенга алғашқы жекпе-жегінен кейін көз жұмды, деп хабарлайды MMA News.
27 жастағы спортшы АҚШ-тың Спрингфилд қаласында өткен AMMO Fight League 12 жарысына қатысқан. Коди МакКракен үшінші раундта Лубенгті нокаутқа түсірген екен. Осыдан кейін оны бірден ауруханаға алып кетіпті.
Екі күннен кейін Лубенга көз жұмған. Өлім себебі әлі белгісіз. Спортшының жақындары сараптама қорытындысын күтіп отыр.
Лубенга Black Wolf Martial Arts залында жаттыққан. Тегі конголезиялық спортшы бразилиялық джиу-джитсу, тай боксы және капоэйрамен айналысқан.