МакГрегордың келесі қарсыласы "ақша үшін жеңілуге келісті" деген айыпқа жауап берді

24 желтоқсан 2019 18:07
© FightTime.ru
Америкалық ММА файтері Дональд "Ковбой" Серроне ирландиялық Конор Мак-Грегормен Лас-Вегастағы UFC 246 турнирінде болатын төбелесі туралы қауесеттерге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Жанкүйерлер 36 жастағы америкалық келісіммен төбелеседі деп айыптады. Кейбірі оны ирландиялықтан жеңілуі үшін UFC-ден ақша алған деп пайымдаған.

"Келіскен дәнеңе де жоқ! Одан жеңіле салатын мен емес. Аузына келгендерін айтып жүр, ақша үшін жеңіле салады екенмін. Мен жеңісті бере салатындай сома жоқ. Келісім бергеннің өзінде одан кейін мен айнаға қарай алмас едім. Бұлай болмайды. Жеңіліс үшін ақша алғанша тегін төбелескенім артық. Менің стилім емес. Барымды салғалы отырмын, бұрын да солай болған", - деп мәлімдеді Дональд Серроне.



Серроне мен МакГрегор жекпе-жегі 2020 жылдың 18 қаңтарында UFC 246 шоуының басты кездесуі болады. Кездесуге билеттер бірінші күні-ақ сатылып кеткен.

Айта кетейік, Серроне соңғы екі жекпе-жегінде де жеңілген. Маусымда Тони Фергюсонмен жекпе-жегі кезінде дәрігер матчты тоқтатқан, ал Джастин Гэтжимен кездесуде нокаутқа түсіп қалған. Серроне жеңістер саны бойынша UFC-де үздік, 23 жеңісі бар, 16 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған.