39 жастағы еркін күрес шебері Айаал Лазарев (1-0) күтпеген жерден ММА ережесі бойынша жекпе-жек өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алғашқы айқасында нокаутпен жеңді
Лазарев АҚШ-тың Калифорния штатындағы Арката қаласында өткен Hard Fought Championships (HFC) лигасының турнирінде өнер көрсетті.
Айаалдың қарсыласы 39 жастағы америкалық ауыр салмақтағы файтер Майк Моралес (6-12-1) болды. Бұл жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды - Айаал қарсыласын тура соққымен құлатып, партерде шабуылын техникалы нокаутқа дейін жеткізді.
"Бір бой жазып алғым келді. Тыныштықты көтере алмадым. Адреналин керек болды. Әрең дегенде кәсіпқойлар арасынан қарсылас таптық, өйткені жаңа бастап келе жатқандардан ешкім келіспеді", - деп жазыпты Лазарев әлеуметтік желіде.
Еркін күрес чемпионы және бапкерлік
Айта кетейік, Айаал Лазарев 2015 жылы Катар астанасы Дохада өткен әлем біріншілігінде еркін күрестен әлем чемпионы атанған. Жалпы, ол әлем біріншіліктерінде алты рет жүлдегер болды. 2023 жылы Қырғызстан атынан Азиадада қола жүлде иеленген болатын.
Саха Республикасының (Якутия, Ресей) тумасы Лазарев 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында ауыр салмақта 5-орын алып, карьерасын аяқтаған болатын.
Қазіргі таңда ол UFC-дегі мексикалық жас файтер Рауль Росасқа (11-1) бапкер және секундант ретінде көмектесіп жүр. Айаал наурыз айындағы UFC турнирінде Росастың бұрышында болған, ал бұған дейін Рауль Қырғызстанға келіп, Айаалдың жетекшілігімен дайындық өткізген.
Жарнама