"Конор мен Хабиб төбелесіп қалмау үшін". Морозов пен Нурмагомедов арасындағы кездесудің өтетін уақыты өзгерді

12 қаңтар 2021 15:04
Сурет: UFC©

UFC ұйымында жеңіл салмақта қазақстандық Сергей Морозов пен ресейлік Умар Нурмагомедов арасындағы кездесу белгіленген күннен үш күн бұрын өтетін болды,- деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

Әу баста бұл кездесу 23-қаңтар күні Абу-Даби қаласында UFC 257 турнирінде өту керек болатын. Бұл жекпе-жек кешінің басты айқасында ирландиялық Конор МакГрегор мен америкалық Дастин Порье кездеседі. 

Бірақ, ресейлік тілші Игорь Лазориннің ақпараты бойынша, жекпе-жекті UFC on ESPN 20 турниріне ауыстырыпты. 20-қаңтар күні өтетін бұл кеште Майкл Кьеса - Нил Мэгни арасындағы кездесу өтеді. Жеңіл салмақта UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов бауыры Умардың бапкерлері қатарында болады. 

Негізі бұл кездесудің уақытын не үшін ауыстырғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ осылайша UFC өкілдері Хабиб пен Конордың командасы тағы кездесіп, төбелесіп қалмау үшін жасауы да мүмкін. 

Айта кетейік, Морозов пен Нурмагомедов үшін алдағы айқас UFC ұйымындағы бірінші жекпе-жек болады. Бұл кездесу негізі 2020 жылдың қазан айында өтуі керек еді. Алайда ол кезде ресейлік боксшы ауырып қалып, айқас кейінге шегерілді. 

 

Метки: