MMA
20 қаңтар 2020 16:43

Конор МакГрегор қарсыласын 40 секундта қалай жеңгенін түсіндірді

Reuters©
Ирландиялық файтер Конор МакГрегор UFC 246 шоуының басты кездесуінде Дональд Серронені 40 секундта нокаутқа түсіріп, спорттық мансабын қайта жандандырды. Кейінірек МакГрегор жылдам жеңісін түсіндірді, - деп хабарлайды Vesti.kz.


2017 жылы ирландиялық спортшы бокс ережесі бойынша америкалық Флойд Мейвезермен жұдырықтасып, оныншы раундта жеңілген еді. Осыдан кейін МакГрегор бокс ережесі бойынша бірнеше жекпе-жек ұйымдастыру ниеті бар екенін айтқан болатын.

Ирландиялықтың айтуынша, осы бокс залындағы жаттығулар оған Серронені жеңуге себепші болған.

"Білесіздер ме, мен қазір бокс залынан шықпаймын. Негізі спорттық мансабымды осы бокстан бастаған едім. Бұл дегеніміз тұп-тамырына қайта оралумен тең. Ковбоймен жекпе-жекте осы жаттығулар маған қатты көмектесті. Бұл туралы жекпе-жектен соң Джо Роганға айтқым келген. Жекпе-жекке жақсы дайындалдым, залда ерінбей еңбек еттім. Мен тәжірибелі спортшымын, осының бәрінен өттім. Мұны қайталай да аламын. Ең бастысы - жақсы формада қалу", - деді ол.