Қазақстандық нокаутшы файтердің UFC-дегі бірінші қарсыласы белгілі болды

24 қаңтар 2020 16:43
© M-1 Global
Лондонда өтетін Fight Night турнирінде алғаш рет UFC шаршы алаңына шығатын қазақстандық Шавкат Рахмоновтың қарсыласы белгілі болды, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Қазақстандықтың қарсыласы польшалық файтер Бартож Фабинский болады. Бұл туралы Асылбек Дүйсенов Instagram желісі арқылы хабарлады.

33 жастағы Фабинский карьерасында 17 жекпе-жектің он төртінде жеңіп, үш рет жеңілген. UFC-де ол 2015 жылдан өнер көрсетіп келеді. Оның ішінде UFC промоушенінде төрт жекпе-жек өткізді. 

Осы төрт кездесуде ол оңтүстікафрикалық Гаррет Маклеллан, америкалық Эктор Урбино  мен норвегиялық Эмиль Микті жеңді де, бразилиялық Мишель Празеристен жеңілді.

Айта кетейік, UFC Fight Night 171 турнирі 21 наурыз күні Лондонда өтеді. "Номад" лақап атымен танымал спортшы өткен жылы шілдеде UFC-мен келісімшартқа отырды. Осыған дейін UFC турнирлерінде қазақстандық бірде-бір спортшы жұдырықтаспаған. Шавкат Рахмонов қазақстандық спортшылардың арасынан бірінші болып әлемнің ең беделді ұйымына іліге алды.