Ең жеңіл салмақтағы қазақстандық файтер Асу Алмабаев (23-3) келесі жекпе-жегін кіммен өткізетіні белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Вестник ММА мәліметінше, Алмабаев Мексикада 1 наурыз күні өтетін жекпе-жекте жергілікті атақты спортшы Брэндон Мореномен (23-8-2) кездеседі.
Морено UFC-дің ең жеңіл салмақ рейтингінде төртінші орында тұр және америкалық промоушендегі рекорды: 11-6-2. Алмабаевтың UFC-дегі көрсеткіші: 6-1, ол үздіктер қатарында жетінші. Бұл дивизионның чемпионы - тегі мьянмалық Джошуа Ван (16-2).
Морено UFC-де ең жеңіл салмақта екі дүркін чемпион атанған. Оның соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың 6 желтоқсанында Лас-Вегаста (Невада штаты, АҚШ) өткен UFC 323 турнирінде болды. Онда ол жапон файтері Тацуро Таирадан (18-1) екінші раундта мерзімінен бұрын жеңілді.
Алмабаев соңғы рет 2025 жылдың 22 қарашасында Дохада (Катар) өткен UFC турнирінде октагонға шығып, үшінші раундта америкалық Алекс Пересті (25-10) жеңген болатын.