Naiza лигасының титулына үміткері әрі әуесқойлар арасындағы ММА бойынша әлем чемпионы Бежан Ходжалиев қазақстандық файтер Асу "Зульфикар" Алмабаевтың (23-3) UFC-дегі болашағына қатысты пікірін айтып, оның америкалық Чарльз Джонсонға (19-8) қарсы алдағы жекпе-жегіне баға берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алмабаевтың спарринг-серіктесі не дейді?Алмабаевпен бірге жаттығатын Ходжалиев қазақстандық спортшының дайындығы жоғары деңгейде екенін және физикалық тұрғыдан өте мықты екенін атап өтті. Оның айтуынша, "Зульфикар" келесі қарсыласын айқын басымдықпен жеңе алады.
Алмабаевтың келесі жекпе-жегі"Асу – өте тәжірибелі әрі физикалық тұрғыдан қуатты спортшы. Шынымды айтсам, жаттығуларда біз сияқты жастарға тыныс алдырмайды. Ол Джонсонды міндетті түрде жеңеді деп сенемін. Бұйырса, чемпиондық белбеуге де жетеді. Қазір өте жақсы күйде, бабында жүр", – деп келтіреді Ходжалиевтің сөзін Sport+.
Еске салайық, Асу Алмабаев келесі кездесуін 2026 жылдың 27 маусымында Әзербайжанның Баку қаласында өтетін UFC Fight Night 280 турнирінде өткізеді. Оның қарсыласы америкалық Чарльз Джонсон болады.
Бұл жекпе-жек қазақстандық файтер үшін 2026 жылғы алғашқы кездесу болмақ.
Алмабаев соңғы рет 2025 жылдың 2 қарашасында Дохада өткен UFC турнирінде октагонға шығып, америкалық Алекс Пересті үшінші раундта мерзімінен бұрын жеңген еді.
Чарльз Джонсон қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. UFC-дегі мансабында ол Қазақстанның екі өкілімен кездескен: 2022 жылы Жалғас Жұмағұловты төрешілердің бөлек шешімімен жеңсе, 2024 жылы Азат Мақсұмнан басым түскен болатын.