Вьетнамның Дананг қаласында United World Wrestling (UWW) ұйымының қолдауымен ММА мен панкратионнан Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы құрлықтық додада тамаша нәтиже көрсетіп, бірнеше жас санатында командалық есепте бірінші орын алып, Азиядағы көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте сенімді түрде бірінші орынға ие болды. Азия чемпиондары атанғандар: Мансур Септеген (57 келі), Олег Пехотин (62 келі), Дінмұхамед Тұрғанбеков (66 келі), Марат Әшімтаев (71 келі), Аслан Гелогаев (77 келі), Эльжан Гасанов (84 келі), Абылай Шәкірбеков (93 келі), Ағалы Хасанов (130 келі) және Жансая Ермағамбетова (65 келі).
Күміс жүлдегерлер қатарында Ербол Байназаров (100 келі), Камила Фазылова (65 келі) және Аружан Берікбаева (90 келі) бар.
U-20 жас санатындағы қазақстандық спортшылар да жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Алтын медальдарды Әлішер Ақбақытов (71 келі), Әлішер Сабит (77 келі) және Нұрғиса Анарбек (84 келі) жеңіп алды. Күміс жүлдеге Әмір Серік (71 келі), Данияр Файзрахманов (77 келі) және Банихан Дурсынов (90 келі) ие болды.
U-17 құрамасы да командалық есепте бірінші орыннан көрінді. Азия чемпиондары атанғандар: Әділғазы Әбілмансұр (57 келі), Айғалин Нұралим (62 келі) және Еркебұлан Әмірлан (100 келі). Вон Лев (71 келі) пен Сәлім Малика (53 келі) күміс медаль жеңіп алса, Қалиасқар Нұртас қола жүлдеге қол жеткізді.
Спорттық бағдарлама аясында UWW ұйымының ММА, грэпплинг және панкратион жөніндегі комитеті басшылығы мен мүшелерінің жұмыс кездесуі өтті. Қазақстан атынан келіссөздерге UWW комитетінің мүшесі, Қазақстан ММА федерациясының құрметті президенті және ҚР ҰОК вице-президенті Ғаджи Ғаджиев, грэпплинг бағытына жетекшілік ететін комитет мүшесі Төлеген Құмаров, сондай-ақ Қазақстан ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев қатысты.
Кездесу барысында ағымдағы жылдың қазан айында Астанада өтетін UWW күрес түрлерінен әлем чемпионатына дайындық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар тараптар ММА мен грэпплингтен әлем чемпионаттарын күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионаты аясында Қазақстан астанасында өткізу жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқан UWW комитетінің ММА, грэпплинг және панкратион жөніндегі кеңсесінің алдағы қызметі де қаралды.
Қазақстан ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев отандық спортшылардың өнеріне жоғары баға берді.
"Вьетнамда өткен Азия чемпионаты Қазақстанда ММА мен панкратионның даму деңгейі өте жоғары екенін тағы бір рет дәлелдеді. Ең бастысы, жеңісті нәтижелерді тек ересек спортшылар ғана емес, жастар мен жасөспірімдер де көрсетіп отыр. Бұл жаттықтырушылардың, өңірлік федерациялардың және жалпы даярлық жүйесінің сапалы жұмысының нәтижесі.
Еліміздің намысын абыроймен қорғап, командалық жеңіске үлес қосқан әрбір спортшыны мақтан тұтамыз.
Сондай-ақ жерлестеріміз Ғаджи Ғаджиев пен Төлеген Құмаровтың халықаралық спорттағы жоғары беделін ерекше атап өткім келеді. Олардың көпжылдық еңбегі мен халықаралық құрылымдардағы белсенді қызметінің арқасында бүгінде Қазақстанның дауысы әлемдік спорт аренасында айрықша салмаққа ие болып отыр. Ел мүддесін ілгерілету мен спортты дамыту жолындағы еңбектері ең жоғары бағаға лайық.
Спортшыларды дайындау және халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге жетуде отандық кәсіби промоушендердің - ALASH PRIDE пен Naiza ұйымдарының табысты дамуы үлкен қолдау көрсетіп келеді. Олардың жұмысы қазақстандық спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еліміздің әлемдік ММА кеңістігіндегі позициясын нығайтуға ықпал етуде.
Чемпионаттың тағы бір маңызды қорытындысы - UWW деңгейінде қабылданған шешімдер. Қазақстан ММА мен грэпплингті дамытудың әлемдік орталықтарының біріне айналып келеді. Астанада әлем чемпионаттарын өткізу — халықаралық спорт қауымдастығының үлкен сенімі әрі еліміз үшін зор жауапкершілік.
Барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, өңірлік федерацияларды және жанкүйерлерді осы үлкен жетістікпен құттықтаймын. Бүгінде Қазақстан - Азиядағы ең мықты команда және біз әлемдік аренадағы жаңа жеңістер үшін жұмысымызды жалғастыра береміз.
Биылғы жыл маңызды әрі жауапты жарыстарға толы. Алда Азия ойындары мен әлем чемпионаттары күтіп тұр. Спортшыларымыз бұдан әрі де табысты әрі лайықты нәтижелерімен қуанта береді деп сенемін", - деді белгілі спорт функционері.