"Қара жолбарысты" нокаутпен жеңген Арман Оспанов АҚШ-қа аттанып кетті

4 қараша 2020 09:44
Сурет: ACA MMA©

"Сұңқар" лақап атты қазақстандық файтер Арман Оспанов АҚШ-қа оқу-жаттығу жиынына кетті. Спортшы Vesti.kz тілшісіне келесі жекпе-жегіне дайындалатынын хабарлады.

Оспановтың шаршы алаңға шығатын нақты күні әзірге белгісіз, алайда, жыл соңына дейін бір жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Көптен бері Оспанов UFC промоушенімен келісімшартқа отыруы мүмкін деген сыбыстар айтылуда. Дегенмен, спортшының өзі бұл туралы ештеңе ашып айтпады, алайда, алдағы күндері жақсы жаңалық естіртуге уәде берді.

Еске салайық, Оспанов кейінгі рет биыл наурызда өткен АСА 105 турнирінде "Қара жолбарыс" лақап атты дағыстандық Расул Мирзаевпен жұдырықтасып, техникалық нокаутпен жеңген.