Жеңісін қазақ халқына арнаған спортшы Емельяненконы жеңген "Жыртқышпен" жекпе-жекке шығады

Қазақстандық файтер Артем Резников және ресейлік белгілі спортшы Магомед Исмаилов Instagram желісінде біріккен эфир өткізіп, жекпе-жек өткізу бойынша келісімге келді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Дегенмен бұл кездесу қашан өтетіні әлі нақтыланбады. Спортшылар 83 келіде жұдырықтасатын болып шешті. Бұған дейін қазақстандық файтер 77 келіде кездесуді ұсынған еді. 

Онымен қоса, Исмаилов жекпе-жекке 88 келі салмақта шығатынын және 88-ден артық жинамайтынын айтты.

Еске салайық, Мәскеуде өткен ACA 111 турнирінде 28 жастағы қазақстандық спортшы шоудың басты жекпе-жектерінің бірінде 24 жастағы "Борз" (Бөрі) лақап атты шешенстандық Юсуф Раисовты төрешілер шешімімен жеңді. Резников осыдан кейін Магомед Исмаиловты жекпе-жекке шақырды. Ол шаршы алаңда тұрып: "Нағыз тақырбас жыртқыш кім екенін анықтаймыз!", деген еді.

Ал Исмаилов жазда атақты спортшы Александр Емельяненконы нокаутпен жеңген еді.