Жеңілмеген қазақстандық UFC-де 22 жеңісі бар бразилиялық "Ковбоймен" жұдырықтасады

Сурет: PickDawgz
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі бірінші жекпе-жегінде кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды. Бастапқыда қазақстандық спортшы бразилиялық Элизеу Залескимен шығу керек болған, алайда, ол жарақат алып қалды. Енді оның орнына "Ковбой" лақап атты басқа бразилиялық Алекс Оливейра белгіленді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

32 жастағы Оливейра UFC-де 2015 жылдан бері өнер көрсетеді. Кейінгі екі жекпе-жегін төрешілер шешімімен жеңген.

Жалпы ММА-де спортшы 33 жекпе-жек өткізген. 22 рет жеңіп, сегіз рет есе жіберген екен. Ал бір кездесуінде тең түсіп, тағы екеуі ресми тіркелмеді. "Ковбойдың" айтулы жеңістерінің бірі UFC-дің уақытша чемпионы Карлос Кондиттен нокаутпен үстем болғаны.

Рахмонов пен Оливейра 24 қазандағы турнирде кездеседі, ал шоудың басты жекпе-жегінде Хабиб Нурмагомедов пен Джастин Гэтжи жұдырықтасады.