Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі үшінші қарсыласы белгілі болды

25 наурыз 2021 13:07
Сурет: Mike Roach/Zuffa LLC©

Аралас жекпе-жектен (ММА) қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұловтың (13-5) UFC-дегі үшінші қарсыласы кім екені белгілі болды, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Жұмағұлов 10 шілдеге жоспарланған UFC 264 турнирі аясында өнер көрсетеді. Оның қарсыласы америкалық Джером Ривера (10-5).

Қазақстандық үшін бұл UFC-дегі үшінші жекпе-жек, ал Ривера үшін төртінші болмақ. Екеуі де алдыңғы кездесулерінде жеңілген. 

Бұған дейін әйгілі спорт шолушысы Ариэль Хельвани UFC 264 турнирінің басты оқиғасы Конор МакГрегор мен Дастин Порьенің үшінші жекпе-жегі болуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Еске салайық, 32 жастағы қазақ спортшы 2020 жылдың 11 шілдесінде UFC промоушенінде бірінші рет жұдырықтасып, бразилиялық Раулиан Пайваға есе жіберген. Кейін 23 қаңтарда Жалғас швециялық Алмир Альбазиден жеңілді. Оның аралас жекпе-жектегі рекорды - 13 жеңіс және бес жеңіліс.