Хамитовтың жеңілмеген қарсыласпен титулды жекпе-жегі Нурмагомедов қатысатын турнирге ауыстырылады

28 қараша 2019 11:00
© Fight Nights Global
Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитовтың жеңілмеген тәжікстандық Нурулло Алиевпен титулды жекпе-жегі Краснодардағы турнирден алынып тасталды. Бұл туралы Gorilla Fighting Championship ұйымдастырушылары хабарлады. 

"Қуат Хамитов - Нурулло Алиев жекпе-жегі Краснодардағы турнирден алынып, Алматыдағы турнирге қосу қарастырылып жатыр", - деп жазылған GFC ұйымының Instagram желісінде. Файтерлер жеңіл салмақта GFC чемпионы атағы үшін жұдырықтасады.

Алматыдағы аралас жекпе-жек кеші 25 желтоқсанға белгіленген. Турнирге құрметті қонақ ретінде ресейлік белгілі файтер, жеңіл салмақта UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов шақырылды.