"Головкин ұнайды". UFC рекордын орнатқан шешен спортшы

24 қыркүйек 2020 12:48
Сурет: Sport.ua
Ұлты шешен Швеция азаматы Хамзат Чимаев қандай спортшыларға теңесуге тырысатынын айтты. Файтердің сөзін Allboxing.ru беріп отыр. 

"Боксты өте көп көремін. ММА-де Ти Джей Диллашоу өте ұнайды. Техникасы мен қолын қалай қимылдататына қараймын. Ол сияқты аяғымды жақсы лақтыра алмаймын, ал қолым қалыпты. Бокста Геннадий Головкин ұнайды, соны көремін. "Канело" да. Соларды қараймын. Жалпы боксты өте көп көремін", - дейді Чимаев. 

20 қыркүйек Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night 178 турнирінде Чимаев америкалық Джеральд Миршертті 17 секундта бір соққымен нокаутқа түсірді. Бұл спортшының промоушендегі үшінші жекпе-жегі және бәрінде жеңген. Спортшы жеңіске жеткен үш жекпе-жекті де 66 күнде өткізіпті. Осылайша, ол UFC рекордын орнатып отыр. Мұның алдындағы жетістік бразилиялық Джонни Уокерге тиесілі (105 күн).

Хамзат Чимаев UFC-де ғана емес, жалпы ММА-дегі карьерасында жеңілмеген. Оның жекпе-жек стилін ресейлік Хабиб Нурмагомедовке ұқсатады.