Белгілі қазақстандық аралас жекпе-жек шебері әрі актер Еркебұлан Тоқтардың келесі жекпе-жегі белгіленді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Еркебұлан Тоқтар 4 шілде күні "Алматы Аренада" өтетін IBA Nomad 15 турнирінде өнер көрсетеді. Қазақстандық файтердің қарсыласы ресейлік поп-MМА жұлдызы Артем Тарасов болады. Жекпе-жек жартылай орта салмақта өтеді.
Еркебұлан Тоқтар - актер әрі аралас жекпе-жекте өнер көрсетеді. Ол ұзақ уақыт бойы поп-MMA форматында өнер көрсетіп, кейін кәсіби деңгейге ауысты. Қазіргі таңда оның рекорды - 11 жеңіс және 3 жеңіліс.
Соңғы жекпе-жегін ол 28 наурызда Еревандағы Hype Asia турнирінде өткізді. Сол кеште Тоқтар ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша жұдырықтасып, қырғызстандық Марсель Нурланбек уулуынан төрешілер шешімімен жеңілді.
Қазір Еркебұлан Тоқтар Қазақстандағы ең танымал MMA өкілдерінің бірі саналады. Оның әлеуметтік желідегі парақшасына 2,3 миллион адам жазылған.
Артем Тарасов - ресейлік аралас жекпе-жек шебері және поп-MMA-дің ең танымал өкілдерінің бірі.
Ол самбодан спорт шебері атағына ие. Кәсіпқой ММА-де карьерасын 2011 жылы бастағанымен, кең аудиторияға дәл поп-MMA форматында танылды.
Тарасовтың соңғы жекпе-жегі 6 мамырда NWPA промоушенінің турнирінде өтті. Бұл кездесуде ол отандасы Роман Ткачты бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді.