Белгілі файтер Шавкат Рахмонов елге оралды. АҚШ-тың Лас-Вегасында UFC Vegas 57 турнирінде ел намысын абыроймен қорғаған отандасымыз Нил Мэгниді екінші раундтың соңғы секундтарында қылқындыру әдісімен жеңген еді. Жекпе-жектен кейін елге жол тартқан Рахмонов бүгін Алматы халықаралық әуежайына таңғы рейспен ұшып келісімен Vesti.kz тілшісіне сұхбат берді. Бейбіт заманның батырын әдеттегідей жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.
- Шавкат елге қош келдіңіз! Жеңісіңіз құтты болсын!
- Ең алдымен жеңіске жеткеніме қуаныштымын! Әуежайдан осыншама көп халық күтіп алып жатыр. Барлығына алғыс айтамын. Енді жекпе-жектен кейін біраз демаламын.
- Соңғы қарсыласыңыз Нил Мэгни жайлы не айтасыз?
- Негізі Мэгниді мықты қарсылас деп ойлағам. Бәсекелестік танытады дедім. Сырттай әңгіме айтыла береді ғой негізі. Бірақ кімнің кім екенін айқас кезінде білесің. Өз басым бұл кездесуге дайын болдым. Өзім жоспарлаған әдіс-тәсілдерімді қолдандым.
- Оқу-жаттығу жиындары АҚШ-та жалғасты. Ол жақта қалай тамақтандыңыз?
- Ол жақтың асханасы басқа. Оған асқазанды үйретемін дегенше уақыт кетеді. Сол үшін Қазақстаннан қазы-қарта, басқа да өзіміз үйреніп қалған тағамдарды ала бардық.
- Стивен Томпсонды айқасқа шақырдыңыз. Бұл ұсынысты көпшілік қалай қабылдады?
- Көпшілік жақсы қабылдаған сияқты. Бұйырса ол спортшымен 3-4 айдан кейін октагонда жолығып қалуымыз мүмкін. Жалпы биыл жыл соңына дейін бір жекпе-жек өткіземін деп жоспарлап отырмын.
- Рейтингте бес саты жоғарылап, оныншы орынға көтерілдіңіз. Жоспарыңызды әлеуметтік желіде жаздыңыз...
- Қаншама жылдан бері биік мақсатқа жету үшін еңбектеніп келеміз. Мақсат айқын. Бұйырса чемпион боламыз!