UFC ұйымының президенті Дана Уайт UFC 317 турнирі басталуға бірнеше сағат қалғанда файтерлердің бірін лигадан шығару туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Vesti.kz. Соның салдарынан жоспарланған жекпе-жектердің бірі өтпей қалды.
UFC 317 турнирі АҚШ-тың Невада штатындағы Парадайс қаласында өтті. Кештің басты жекпе-жегі испаниялық Иллия Топурия мен бразилиялық Чарльз Оливейра арасындағы нокаутпен біткен айқас болды.
Кештің басты кардында бес жекпе-жек өтті, ал жалпы октагонда 12 кездесу жоспарланған болатын. Алайда соңғы сәтте олардың бірі өтпей қалды.
Бұл кеште орта салмақта жеңіліп көрмеген екі файтер америкалық Джексон МакВэй (6-0) мен чилилік Кристофер Эверт (7-0) жұдырықтасу керек еді. Салмақ өлшеу рәсімі 27 маусым, жұма күні өтті. Бірақ кейін Эверт салмақ лимитінен 10 фунтқа асып кеткені белгілі болды.
"Sportbible" мәліметінше, UFC комментаторы Джон Аник Кристофер Эверттің салмақ мәселесіне байланысты жекпе-жекті құртқаны үшін Дана Уайт тарапынан қатаң түрде UFC-ден шығарылғанын айтты.
Эверттің ұйымнан осылай жылдам шығарылуы көпшілік үшін тосын жайт болды: ол UFC ұйымымен ресми келісімшартты небәрі 23 маусым күні ғана жасаған. Чилилік спортшы бұл кездесуге тек 25 маусымда – турнирге екі күн қалғанда келісімін берген еді. Себебі бастапқы қарсылас Седрик Дюма заңгерлік себептерге байланысты кардқа енбей қалды.
Қарсылас айқасқа шықпайтыны тым кеш белгілі болғандықтан, ұйымдастырушылар жаңа қарсылас іздеуді қажетсіз деп санады. Нәтижесінде МакВэй мен Эверт арасындағы кездесу толықтай кардтан алынып тасталды.
Жарнама