Қазақстан ММА және панкратион федерациясының президенті Сағындық Мекеев Sports True арнасына берген сұқбатында Ресейдің атынан өнер көрсететін қазақ спортшы Дамир Исмағұловтың UFC ұйымында қашан чемпиондық кездесу өткізетінін айтты.
"Егер жарақат алып қалмай, келесі кездесуінде жеңіске жететін болса үздік 15 спортшының қатарына қосылады. Кейін ондықтың да қатарына қосылатын мүмкіндік бар. Бірақ көп нәрсе оның қаншалықты жарқын кездесу өткізе алатынына байланысты болады. UFC жекпе-жектерін сату үшін жұмыс істейді. Ал іш пыстыратын кездесулерді ешкім қарамайды. Менің ойымша, үш кездесуден кейін Дамир чемпиондық жекпе-жекке жақындайды. Дегенмен қазір мұндай туралы сөз қозғауға әлі ерте. Егерде ол қарсыластарын нокаутқа түсіріп, әдемі жеңіске жететін болса, белбеу үшін өтетін айқас жақындай түседі", - деді ол.
Еске салайық, соңғы кездесуінде Исмагулов бразилиялық Рафаэль Алвеске қарсы өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті. Бұл оның UFC ұйымындағы төртінші жеңісі болды.