Bellator президенті Скотт Кокер белгілі ресейлік ММА шебері Федор Емельяненконың келесі қарсыласы кім болатынын айтты, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
"Біз Андерсон Сильва мен Федорды қарсылас ету туралы сөйлескенбіз. Әңгіме қысқа болды. Бірақ бұл тақырыпқа әлі де оралуға болады. Тордың ар жағында өз заманының ең үздіктері кездеседі. Бұл айқасты Жапонияда немесе Нью-Йорктегі "Мэдисон Сквер Гарденде" өткізуді жоспарлап отырмыз. Екеуінің салмақ дәрежелері екі түрлі. Келісу қиындау болады. Бірақ келіссөздер жүргізіп көруге болады", - дейді Кокер.
Емельяненко спорттық карьерасында 40 жекпе-жекте жеңіске жетіп, алтауында жеңіліс тапқан. Ол жанкүйер қауымға Rings, Pride, Strikeforce, M-1 Global және Bellator лигалары арқылы таныс.
Ал Сильва болса 46 кездесуде 34 рет жеңіске жеткен.