UFC ұйымындағы аса жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Асу Алмабаевқа (22-3) Абу-Дабиде (БАӘ) өткен турнирдегі әсерлі жеңістен кейін түрлі деңгейдегі қарсыластар ұсынылып жатыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Еске салайық, 27 шілдеге қараған түні өткен жекпе-жекте 31 жастағы қазақстандық спортшы перулік Хосе Очоаны (8-2) төрешілер шешімімен жеңген болатын. Кездесуден кейін Алмабаев жақын арада қайта октагонға шығатынын айтып, қараша айындағы турнирге оралу жоспарын жариялады.
Алмабаевтың келесі қарсыласы әлі ресми түрде бекітілмеген. Дегенмен, ММА саласындағы сарапшы Матис Дежарденнің пікірінше, Асуға келесі қарсылас ретінде ресейлік файтер Тагир Уланбеков (17-2) лайық болуы мүмкін. Ол – Хабиб Нурмагомедов пен Ислам Махачев жаттықтыратын дағыстандық чемпиондар командасының мүшесі.
"Менің бірінші таңдауым – Тагир Уланбеков болар еді. Алмабаев үшін бұл жеңіс маңызды болғанымен, бірақ, жеңіс оны бірден ТОП-5 қатарына шығара қоймайды. Ал Уланбековке ТОП-10 деңгейіндегі қарсылас қажет. Сондықтан келесі жекпе-жек – Алмабаев пен Уланбеков арасында өтуі тиіс", – деп жазды Дежарден Cagesidepress платформасында.
Айта кетерлік жайт – Асу мен Тагир UFC-де емес, Fight Nights ұйымында 2017 жылы кездесіп, ол жекпе-жек Уланбековтің мерзімінен бұрынғы жеңісімен аяқталған.
Уланбековтің UFC ұйымындағы соңғы жекпе-жегі де қазақстандық спортшыға қарсы өтті – ол Азат Максуммен (15-2) Бакуде 21-22 маусымға қараған түні өткізілді. Дағыстандық спортшы төрешілер шешімімен жеңіске жетті, алайда бұл шешім жанкүйерлер тарапынан үлкен наразылық тудырды – көпшілік Максум жеңілді деп есептемейді.
Нәтижесінде, Уланбековке бағытталған наразылық әлеуметтік желілерде өршіді. Халықтың ашуы оның бапкерлері – Хабиб пен Исламға да тиді.