UFC-де өнер көрсететін жартылай ауыр салмақтағы қазақстандық Дияр Нұрғожай (12-2) АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегаста өткен турнирде жеңіске жетті. Оның қарсыласы бразилиялық Бруно Лопес (14-4) болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жекпе-жек турнирдің алдын ала кардында өтті. Нұрғожай бірінші раундтың аяқталуына бір секунд қалғанда техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Бұл Нұрғожайдың карьерасындағы 12-жеңісі және қатарынан екінші жеңісі. Оның UFC-дегі рекорды – 2:2.
Бұл жекпе-жек Нұрғожайдың UFC-пен қазіргі келісімшарты бойынша соңғы кездесуі болды. Енді ұйымның қазақстандық жауынгерге жаңа келісімшарт ұсынатыны-ұсынбайтыны белгілі болады.
Ал Лопес қатарынан үшінші рет жеңіліп отыр. Оның үш жеңілісінің барлығы нокаутпен болды. Бразилиялықтың UFC-дегі көрсеткіші – 1:3. Ол үшін де бұл жекпе-жек қазіргі келісімшарт бойынша соңғысы болды.
Бұған дейін Дияр UFC-де төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді. Осылайша, бұл оның әлемдегі ең мықты ММА ұйымындағы мерзімінен бұрын аяқталған алғашқы жеңісі болып тұр.
Жарнама