Тараз қаласында аты аңызға айналған "Қара майор" Борис Керімбаевты еске алуға арналған халықаралық жекпе-жек өнері фестивалі өтті.
Ауқымды спорттық шара Жақсылық Үшкемпіров атындағы "Тараз-Арена" спорт кешенінде ұйымдастырылып, Қазақстан мен шетелден келген спортшылардың басын қосты.
Фестиваль аясында каратэ-до, кикбоксинг, ММА, таеквондо, қоян-қолтық ұрыс, грэпплинг және GAMMA MMA бойынша жарыстар өтті. Көрермендер тартысты әрі әсерлі жекпе-жектерге куә болып, жас спортшылар халықаралық деңгейде өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Кештің басты оқиғаларының бірі - Еуропа және Азия чемпионы Ақжол Алихан мен Тәжікстан өкілі Мухаммадамин Каюмов арасындағы супер жекпе-жек болды. Қаюмов - Азияның төрт дүркін чемпионы, Әлем кубогының үш мәрте иегері және әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері.
Жекпе-жек өте тартысты әрі көрермен көңілінен шықты. Негізгі уақыт жеңімпазды анықтауға жеткіліксіз болып, кездесудің бас төрешісі Дауренбек Джакаев қосымша раунд белгіледі. Қосымша кезеңнің қорытындысы бойынша жеңісті қазақстандық спортшы иеленді.
"Екі спортшы да жоғары дайындық деңгейін және нағыз жауынгерлік мінез көрсетті. Осындай жекпе-жектер турнирдің көркін қыздырып, жастарды спортпен айналысуға ынталандырады. Қосымша раунд әділ шешім болды, өйткені кездесу өте тең әрі тартысты өтті", - деді Дауренбек Жақаев.
Жеңістен кейін өз әсерімен Ақжол Алихан де бөлісті.
"Борис Керімбаевты еске алуға арналған турнирде өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Залдағы атмосфера ерекше болды, жанкүйерлердің қолдауы күш берді. Қарсыласым өте мықты әрі тәжірибелі спортшы екен. Сондықтан бұл жеңістің маңызы зор", - деді қазақстандық спортшы.
Фестивальдің марапаттау рәсімі де ерекше әсер сыйлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді белгілі қоғам қайраткерлері, күштік құрылымдардың ардагерлері, генералдар және Борис Керімбаевты жеке таныған қаруластары марапаттады.
Жамбыл облыстық жекпе-жек өнері қауымдастығының президенті Курмет Нукенов фестивальдің тек спорттық шара ғана емес, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды алаңы болғанын атап өтті.
"Біз үшін бұл фестивальдің жастарды, жаттықтырушылар мен спортшыларды ортақ құндылықтар — құрмет, ерлік және отансүйгіштік төңірегінде біріктіргені маңызды. Осындай жарыстар спортты дамытуға ғана емес, жас буынды елін сүюге, рухты болуға тәрбиелеуге ықпал етеді", - деді Құрмет Үмітханұлы.
Ұйымдастырушылар көрермендердің қызығушылығы жоғары болғанын атап өтіп, "Қара майорды" еске алуға арналған халықаралық фестивальді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.