Единоборства
20 желтоқсан 2023 13:10

Америкадан оралған Шавкат Рахмоновты дүркіретіп қарсы алды

©Тұрар Қазанғапов

17 желтоқсанда қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов (17-0) Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) UFC 296 турнирінде жеңіске жеткен еді. Бүгін спортшы Алматыға келді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жеңіспен оралған спортшыны Алматы халықаралық әуежайында қалың көпшілік сән-салтанатпен күтіп алды.

Тіпті олардың арасында қазақы киімдерін киіп, күймен, әнмен қарсы алғандар да болды.

Спортшыны күтіп алуға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де қатысты.

Айта кетейік, Шавкат Рахмоновтың қарсыласы америкалық Стивен Томпсон (17-7-1) болды. Лас-Вегастағы UFC 296 турнирінің басты картасындағы жекпе-жек 3 раундқа есептелген еді, бірақ ол 2-раундта аяқталды.

Шавкат Рахмонов Стивен Томпсонды қылқындыру әдісімен бірінші болып жеңген файтер атанды. Спортшы Тәуелсіздік күні қарсаңында мұндай жетістікке жеткеніне орай Қазақстан халқына жылы лебізін де арнаған еді.

"Ассалаумағалейкүм, Қазақстан! Мен осындай жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазақстанымыздың Тәуелсіздік алған күні. Сондықтан қуаныштымын. Кішкене қобалжып тұрмын. Рақмет үлкен. Әрине, Wonerboy - өте мықты қарсылас. Мерзімінен бұрын жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Өзімді титулға белдесуге лайықтымын деп ойлаймын", - деген еді Шавкат Рахмонов жекпе-жектен кейін.

Еске салайық, бұған дейін Шавкат Рахмонов UFC рейтингінде үздік үштікке енгені хабарланды. Шавкат бұған дейін бесінші орында болған. Отандасымыз жексенбіде Лас-Вегастағы жеңісінен кейін 3-орында тұрған америкалық Колви Кобингтонды 2 саты төмен сырғытты. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport