4-14 сәуір аралығында Сербияның батысындағы Златибор аймағында ISF U15 2025 мектеп оқушыларына арналған жыл сайынғы спорт фестивалі өтеді. Биыл бұл жарысқа 55 елден 2 500-ден астам жас спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы 22 спортшымен бокс, еркін күрес, шахмат және дзюдо спорт түрлерінде ел намысын қорғайды.
Aуыл спортын дамытуға бағытталған ірі бастама
2024 жылы іске қосылған жоба ауыл балаларына арналған ең ірі республикалық спорттық жобалардың бірі. Өткен жылы 200 елді мекеннен 12 000 жас спортшы өңірлік турнирлерге қатысып, 17 облыстан 1 300 үздік спортшы финалда өз шеберліктерін көрсетті. "Halyk" қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Auyl Sport жобасының үздік 12 жас таланты осы Гимназиада ойындарына барады.
«Жобаның басты мақсаты – спортты дамыту ғана емес, балалардың тұратын жеріне қарамастан, оларға тең мүмкіндік беру. Сербиядағы Гимназиадаға ауыл спортшыларының қатысуы – осы мақсаттың жүзеге асып жатқанының айқын дәлелі. Бұл – көптеген балалар үшін халықаралық аренадағы алғашқы қадам, олар әлемнің ең үздік жас спортшыларымен бәсекеге түсіп, Қазақстанның намысын қорғайды. Бұл – Auyl Sport жобасы үшін үлкен үміт сыйлайтын және шабыттандыратын бастама. Барлық спортшыларға сәттілік тілейміз!» – деп атап өтті «Halyk» қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Қазіргі таңда жоба аясында бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіліп келеді. 2025 жылдан бастап жобаға үстел теннисі де қосылады.
Жеңімпаздар оқиғасы: арманға апарар жол
«Бұл жоба – мен үшін жай ғана жарыс емес, жаңа өмірге бастар жол. Осы жобаның республикалық турнирінде жеңімпаз атанып, Сербиядағы халықаралық Гимназиадаға бара жатқаным мен үшін үлкен жетістік. Ата-анам мен туған ауылымның үмітін ақтау үшін барымды саламын», – дейді Айбек Садық, Auyl Sport жобасының жеңімпазы.
«Мен өз баламның жетістіктерімен мақтанамын. Қор мен жоба қолдауының арқасында ол халықаралық аренада өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашты. Бұрын бұл біз үшін қол жетпес арман секілді көрінетін. Ата-ана ретінде біз зор алғысымызды білдіреміз. Бұл жоба әрбір балаға өз әлеуетін ашуға және өз арманына жақындауға мүмкіндік береді», – дейді жоба финалистерінің бірінің ата-анасы.
Ауыл спортына серпін берген қолдау
"Halyk" қайырымдылық қоры халықтың әл-ауқатын арттыруға және аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Ауыл спортын дамытуға қор 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөлді.
ISF U15 2025 – қазақстандық жас спортшылар үшін жаңа белестерге бастар мүмкіндік. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз.
Жарнама