Гибралтарда өтіп жатқан әйелдер арасындағы шахматтан Гран-при аяқталуына бір тур қалды. Алайда жарыс жеңімпазы қазақстандық Жансая Әбдімәлік екені қазірден белгілі, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кейінгі раундта Жансая ресейлік Екатерина Лагномен ойнады. Партия тең аяқталды да, қазақстандық шахматшы өз есебіне 0,5 балл қосты. Ал жалпы он тур қорытындысы бойынша Жансая сегіз ұпай жинаған.
Қазақстандықтан кейін келе жатқан бәсекелес - Мария Музычук (Украина) - онымен ұпай айырмашылығы 1,5 балл. Жансая 11 раундта ұтылса да қарсыластары оны қуып жете алмайды. Осылайша, ол мерзімінен бұрын турнир жеңімпазы болып отыр.
Гибралтардағы жарыста Жансая бірде-бір ұтылмапты және Гран-приде жеңіліссіз келе жатқан жалғыз шахматшы.
Ал бір тур алдында Жансая ерлер арасындағы гроссмейстер нормативін орындап, Қазақстан мен Орта Азияда мұндайды жасай алған бірінші шахматшы болып отыр.