Қазақстандық Әмір Закиров Жапонияда өтіп жатқан Breaking for Gold брейк-данс турнирінің жеңімпазы атанды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Facebook-те жазды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық биші Әмір Закиров АҚШ пен Жапониядан қатысқан қарсыластарынан жеңіп шықты.
Жарысқа дүниежүзінің 48 елінен барлығы 180 шебер брейкдансер қатысқан - 99 жігіт және 81 қыз.
"Осы ретте Әмір Нидерландыдан келген 4 дүркін әлем чемпионы Menno мен канадалық қазіргі әлем чемпионы Phil Wizard-тан басым түсіп, турнирдің өте қиын кезеңінен өтті. Сонымен бірге, біздің брейкдансер былтырғы әлем чемпионатының финалисі жапониялық Shigekix-ті жеңді. Мен Әмірдің осы деңгейдегі турнирлердегі алғашқы және соңғы жеңісі емес екеніне сенімдімін. Әмірді және қазақстандықтарды толағай табыспен құттықтаймын, сонымен бірге, чемпионымызға қарқынын баяулатпай, 2024 жылғы Олипиадада Қазақстан атынан лайықты өнер көрсетуін тілеймін", - деп жазды Асхат Оралов.
Айта кетейік, брейк-данс - 2024 жылғы Олимпиададағы ресми дисциплинаның бірі.