World Boxing ұйымы ресейлік боксшылардың құқықтарын толық қалпына келтіріп, оларға халықаралық жарыстарда өз туы және әнұранымен өнер көрсетуге рұқсат берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл туралы Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев мәлімдеді.
"Ресей боксы әлемдік аренаға қайта оралып жатыр. World Boxing ұйымы барлық жас санатындағы спортшыларымызға халықаралық жарыстардың барлығына Ресейдің мемлекеттік туы мен әнұранымен қатысуға рұқсат берді. Ресей бокс федерациясы World Boxing ұйымының құрамына 2026 жылдың басында қабылданған болатын.
Қалыпты спорттық байланыстарды қалпына келтіру мәселесін біз World Boxing президенті, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкинмен 2026 жылдың қаңтарында Ташкентте өткен кездесуде талқыладық.
Бұл шешімнің маңызы ерекше. Себебі дәл World Boxing ұйымына Халықаралық олимпиада комитеті олимпиадалық бокс турнирін өткізу құқығын берген. Ресей бокс федерациясының ұйымға толыққанды мүше болуы ресейлік былғары қолғап шеберлеріне халықаралық жарыстар күнтізбесіне, соның ішінде олимпиадалық циклге толыққанды қатысуға мүмкіндік береді.
Біз ресейлік спортты әлемдік спорт қауымдастығына кезең-кезеңімен қайтару жұмысын жалғастырып жатырмыз", – деп жазды Дегтярев өзінің Telegram-арнасында.
Айта кетейік, World Boxing – әуесқой боксты реттейтін халықаралық спорт ұйымы. Ұйым 2023 жылғы 13 сәуірде Халықаралық олимпиада комитеті мен IBA (бұрынғы AIBA) арасындағы ынтымақтастықтың тоқтатылуына байланысты құрылған.
World Boxing-тің басты мақсаты – боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу.