Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай мен Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Жахонгир Зокиров World Boxing ұйымының Кубогі финалына қатысады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Финалдық кезең 17–22 қараша аралығында Үндістан астанасы Нью-Делиде өтеді.
"2025 жылғы Олимпиадалық бокс маусымы аяқталуға жақын. Қарашада Үндістанда өтетін финалдық жарыстардан кейін жылдың үздік боксшысы анықталады. Бұған дейінгі үш кезең мен тарихтағы алғашқы әлем чемпионатынан кейін біз әр салмақ дәрежесіндегі көшбасшыларды анықтадық.
Әсіресе суперауыр салмақтағы бәсеке ерекше назарда. Бұл маусымда барлық алтынды екі үздік боксшы өзара бөлісті: қазақстандық Айбек Оралбай Англияда өткен әлем чемпионатында және Астанадағы Кубокта жеңіске жетсе, өзбекстандық Жахонгир Зокиров Бразилия мен Польшада өткен турнирлерде топ жарды.
Осы екі мықты елдің былғары қолғап шеберлері маусым бойы тартысты айқастар көрсетіп келді, енді барлығы Нью-Делиде шешіледі. Қараша айында екеуі финалдық айқастан кейін қай елдің туы көтеріледі - Қазақстан ба, әлде Өзбекстан ба - соны анықтайды", - деп жазады World Boxing ұйымы.
Еске салайық, бұған дейін Ливерпулде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында Айбек Оралбай Жахонгир Зокировты жеңіп, Қазақстан құрамасын командалық есепте бірінші орынға жеткізген еді. Зокировты мамандар Баходир Жалоловтың ізбасары деп атайды.