World Boxing халықаралық ұйымы Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогының екінші кезеңінің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ұйым Қазақстан мен Өзбекстанды әлемдік бокстың мойындалған көшбасшылары ретінде атап өтіп, екі құраманың ерлер арасындағы жарыстағы жетістіктеріне ерекше тоқталды.
"Ерлер арасындағы салмақ дәрежелерінде дәстүрлі көшбасшылар Қазақстан мен Өзбекстан үш алтын жүлдеден жеңіп алды", – делінген World Boxing хабарламасында.
Сондай-ақ, ұйым Франция құрамасының нәтижесін де ерекше атап өтті. Франциялық боксшылар екі алтын жеңіп алды. Турнир чемпиондары атанғандар – Уго Гро мен Жуниор Тадах.
Гуйяндағы жарыста Қазақстан құрамасы ерлер және әйелдер арасындағы бәсекеде жалпы сегіз жүлде иеленді. Оның бесеуі – алтын, үшеуі – қола.
Алтын жүлдені Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Назым Қызайбай (54 кг), Виктория Графеева (60 кг), Абылайхан Жүсіпов (70 кг) және Санжар Тәшкенбай (50 кг) жеңіп алды.
Ал қоланы әйелдер құрамасының өкілдері Аида Әбікеева (65 кг), Валерия Аксенова (80 кг) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) қоржынға салды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы сегіз жүлдемен жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды тоғыз жүлде (5 алтын, 1 күміс, 3 қола) жеңіп алған Қытай құрамасы иеленді.
Үздік үштікті Өзбекстан құрамасы түйіндеді. Көрші елдің боксшылары төрт алтын, үш күміс және төрт қола еншілеп, жалпы саны 11 жүлде жеңіп алды.
Айта кетейік, Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында өтті.