Халықаралық World Boxing бокс федерациясы ерлер арасындағы "Жылдың үздік боксшысы" атағына үміткерлер тізімін жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Үміткерлер қатарында қазақстандық Махмұт Сабырхан бар. Сонымен қатар, бұл тізімге өзбекстандық Жавохир Умматалиев пен Фазлиддин Эркинбоев, сондай-ақ, бразилиялық боксшылар Луис Оливейра мен Юри Фалькао енгізілді.
Еске салайық, қыркүйек айында Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионатында Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын жеңіп алған болатын.
Махмұт Сабырхан - 2023 және 2025 жылдардағы әлем чемпионы, 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері әрі 2024 жылғы Азия чемпионы.
Әйелдер арасында дәл осы номинацияға қазақстандық Наталья Богданова да ұсынылды. Ол да Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының 2025 жылғы әлем чемпионатында алтын иеленген.
"Жылдың үздік боксшысы" атағы үшін Богдановамен бірге Үндістан өкілдері Жасмин мен Минакши, Норвегиядан Суннива Хофстад және Польшадан Агата Качмарска бәсекеге түседі.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы World Boxing ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатында тамаша нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама жеті алтын жеңіп алып, жүлделік есепте бірінші орын иеленді.
Жарнама