Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) екінші орта салмақтың жаңартылған рейтингін жариялады. Тізімде қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мексикалық жұлдыз Сауль Канело Альварестен кейін екінші тұр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Әлімханұлы (17-0, 12 KO) орта салмақтағы WBO титулынан бас тартып, жоғары салмақ дәрежесіне ауысқан болатын. Қазіргі таңда WBO рейтингінде бірінші орында Сауль Канело Альварес (63-3-2, 39 KO) тұр. Ал бұл салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінің иесі – ұлыбританиялық Хамза Шираз (24-0-1, 19 KO).
Әлімханұлы – Канело жекпе-жегі өте ме?
Бұған дейін Жәнібек өзінің басты мақсаты – Канеломен жұдырықтасу екенін айтып, сол үшін жоғары салмаққа өткенін мәлімдеген еді.
Мексикалық боксшы келесі жекпе-жегін 2026 жылдың 12 қыркүйегінде Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткізеді. Оның қарсыласы франциялық Кристиан Мбилли (29-0-1, 24 KO) болады. Кездесуде Мбиллиге тиесілі WBC тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Бұл Альварестің америкалық Теренс Кроуфордтан (41-0, 31 KO) жеңілгеннен кейінгі алғашқы жекпе-жегі болмақ.
Чемпиондық жекпе-жекке бір қадам
Хамза Шираз шілде айында чемпиондық атағын алғаш рет қорғап, германиялық Симон Захенхуберді (29-2, 18 KO) төрешілердің бөлек шешімімен жеңді.
Енді Жәнібек Әлімханұлы британиялық боксшының міндетті қарсыласы атануға жақын.
Әлімханұлы қашан шаршы алаңға оралады?
Қазақстандық боксшы бұған дейін орта салмақта IBF және WBO чемпиондық белбеулерінің иегері болған. 2025 жылдың соңында ол WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен титул біріктіретін жекпе-жек өткізуі тиіс еді. Алайда Әлімханұлының допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін айқас өтпей қалды.
Кейін IBF қазақстандықты чемпиондық белбеуінен айырып, 2026 жылдың желтоқсанына дейін жарыстардан шеттетті. Ал WBO оған бір жылдық дисквалификация бергенімен, чемпиондық атағын сақтап қалған еді. Кейін Әлімханұлы бұл белбеуден өз еркімен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады.
Жарнама