Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз бен оған міндетті қарсылас Жәнібек Әлімханұлы арасындағы жекпе-жек бойынша промоутерлік сауда өткізілетінін жария етті, деп хабарлайды Vesti.kz.
WBO боксшылардың тараптары мен Queensberry Promotions және Top Rank промоутерлік компанияларына аукцион өткізілетіні туралы ресми түрде хабарлады. Сауда 16 қыркүйекте сағат 14:00-де ұйымның Пуэрто-Рикодағы Сан-Хуан қаласында орналасқан бас кеңсесінде өтеді. Қазақстан уақытымен бұл 16 қыркүйек сағат 23:00-ге сәйкес келеді.
Еске салайық, Әлімханұлы мен Шираз арасындағы жекпе-жек бойынша келіссөз тамыз айында басталған еді. Алайда белгіленген мерзім ұзартылғанына қарамастан, боксшылардың өкілдері ортақ мәмілеге келе алмады.